Жаңалықтар

Ералы Тоғжанов өңірдің барлық мұнай өндіруші кәсіпорындарын еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан тексеруді тапсырды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Мұғалжар ауданындағы Жаңажол кен орнына барып, 1 мамырда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ №2 газ өңдеу зауытының аумағында жеңіл көмірсутектер алу қондырғысында болған өрттің салдарын қарап шықты.

Облыс әкімі кәсіпорын басшылығымен шұғыл жиын өткізді. Оған еңбек инспекциясы басқармасының, ТЖД және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Облыс әкіміне аталған факті бойынша ҚР ҚК 292-бабы «Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, тергеу басталғаны баяндалды.

«Бұл салдармен күресу. Оқиғаның себептерін анықтау қажет. Өндіріс технологияларын, қауіпсіздік техникасын сақтамау негізгі мәселе болып қалады.
Бұдан басқа да мәселелер бар. Аталған жағдай бойынша комиссия құрылды, компания басшыларын, орындаушыларды жауапкершілікке тарта отырып, барлық мұнай өндіруші кәсіпорындарға толық тергеу, тексеру жүргізіңіз. Сондай-ақ мұндай жағдайларға жол бермеу бойынша жол картасы әзірленетін болады», – деп тапсырды облыс әкімі.

Ералы Тоғжанов ТЖ департаментінің қызметкерлеріне өртті сөндіру және өрттің басқа объектілерге таралмауы бойынша көрсеткен жеделдігі мен кәсібилігі үшін алғысын білдірді.
Өртке қарсы іс-шараларға 52 құтқарушы мен 9 техника жұмылдырылды.

📌 Ералы Тоғжанов өрт кезінде күйік шалған 4 жұмысшының жағдайын білу үшін Темір ауданы Кеңқияқ ауылындағы ауруханаға барды. Дәрігерлерден зардап шеккендерге қандай ем-дом шаралары көрсетіліп жатқанын білді. 

Науқастарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Облыс әкімі зардап шеккендердің туыстарымен кездесіп, бүгінде санавиациямен барлығы Ақтөбедегі медициналық мекемелерге жеткізілетінін алға тартты.

Өртті жою үшін құрылған жедел штаб жұмысын жалғастыруда.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button